Бішкекте ІІІ қазақ-қырғыз өнерлі жастар форумы өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Бішкек қаласында ІІІ қазақ-қырғыз өнерлі жастар форумы ұйымдастырылды. Биыл форум шығармашыл жастар арасындағы цифрлық және инновациялық ынтымақтастықты дамытуға арналды.

Жиын қос халықтың тарихы мен мәдениетін зерттеудегі Шоқан Уәлихановтың еңбегі туралы «Чокан Валиханов: тарыхтын жарык жылдызы» атты деректі фильмінің тұсаукесерінен басталды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов, сондай-ақ екі елдің мәдениет, ғылым және шығармашылық саласының өкілдері мен зиялы қауым қатысты.

Форум аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрі Мирбек Мамбеталиевпен кездесіп, мәдени-гуманитарлық әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.

Бұдан бөлек, форум кретивті индустрия мен цифрландыру мәселелеріне назар аударды. «Жаңа буын AI-стартаптары: жергілікті идеядан жаһандық нарыққа» және «Ed-tech жобалары: жаңа сын-қатерлер» тақырыптарында панельдік сессиялар өткізілді. Оған 300-ден астам жас IT-кәсіпкерлер, стартапшылар, бағдарламашылар, блогерлер мен медиа мамандар қатысты.

Мемлекет басшысының Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Бішкекте Қазақстанның мәдениет күндері өткізілуде. Оның аясында «Қазақстан киносы күндері» ұйымдастырылып, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерекелік концерт ұсынылды.

Leave a Reply